Әйгілі әнші Бүркіттің қарындасы Әсел Асқар Алматыдағы фитнес орталықтардың бірінде кәсіпқой спортшыдан соққы алғанын хабарлаған еді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).
Сотпен ағымдағы жылдың тамыз айында қаладағы фитнес-клубта азамат М.-ның жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, А.-ға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғаны анықталды. Сот отырысында күдікті іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растап, жасаған әрекетіне ішінара өкінді, - делінген хабарламада.
Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.