АҚШ-та өткен аукционда Адольф Гитлердің жеке телефоны 243 мың долларға сатылды. Бәссауданы жексенбі күні Мэриленд штатында Alexander Historical Auctions аукцион үйі өткізген деп жазады ТАСС.
Гитлердің бұйрықтарының көбі дәл осы қызыл телефонмен берілген дейді тарихшылар. Ал, оны сатып алған адамның есімі жарияланбай отыр.
Алдын ала болжам бойынша, байланыс аппараты 200-300 мың доллардың аралығында сатылуы тиіс болған көрінеді. Ал аукцион үйінің өкілдері әу баста телефонды музейлердің бірі сатып алады деп ойлаған. "Фашизмнің салдары қандай болатынын жұрт осы телефонға қарап білуі тиіс, сондықтан оның орны музейде" дейді олар.
Қызыл телефон Адольф Гитлердің Берлиндегі бункерінде Дүниежүзілік соғыстың соңғы екі жылында қызмет еткен. 1945 жылы фашистік Германия соғыста жеңіліп, Гитлер өзін өлтіргеннен кейін КСРО әскерилері телефонды байланысқа жауапты офицер Ральф Рейнерге сыйға тартқан екен. 1977 жылы офицер қайтыс болғаннан кейін аппарат оның ұлы Рейнульфтің үйінде сақталған.