25.08.2023, 15:40

АҚШ-та тұратын Данияр Елеусінов еліміздегі спорт мектебінен жалақы алып келген

Фото: olympic.kz
Астана қалалық спорт басқармасы Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істейтінін растады.

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанадағы мемлекеттік спорт мектептерінің бірінен тұрақты түрде жалақы алып келген, деп хабарлайды Skifnews.kz  КТК арнасына сілтеме жасап.

Спортшы бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұрады. Оған күн сайын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктейтін фотосуреттері дәлел. Осы ретте спортшының балаларды қай уақытта жаттықтырып жүргенін көпшілік түсінбей дал. Астана қалалық спорт басқармасы Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істейтінін растады.

Шынымен де, Елеусінов Данияр Маратұлы Астана қаласы әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі КММ-де жаттықтырушы лауазымында. Жалақысы – 80 249 теңге. Елеусінов Данияр жартылай штаттық негізде жұмыс істейді, - деп хабарлады Астана дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Данияр Елеусіновтің өзі спорт мектебіндегі жұмысына былтыр, яғни жаңа жылдың алдында келген. "Қазір жас спортшылармен онлайн байланысқа жиі шығып тұрады", - дейді директор Мұрат Мұстафин.

Даниярдың әріптестерінің қатарында Валентина Хальзова, Марина Вольнова сынды Олимпиада жүлдегерлері де бар. Олар да аталған спорт мектебінде жаттықтырушы боп қызмет атқарған. Қазір олардың бірі декрет демалысында, өзгесі еңбек демалысына шығып кеткен.

Ол енді қалада болғанда, үнемі залда ғой. Жаттығулары бар, біздің балалармен бірге жаттығады. Бүкіл әдіс-тәсіл, соққы, бәрін көрсетіп, залда істейді. Соңғы рет желтоқсанда болды. Оның алдында Данияр ешқайда шықпады ғой, - дейді Астана әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Мұстафин.