Қостанай облысында көбік кешінде жеткіншекті тоқ соқты. Аудан әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды. Бұл туралы 30 тамызда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Ұзынкөл кентінде Жастар күніне арналған көбік кеші өтті, онда 9 жасар қызды электр тоғы соққан.
Қазіргі уақытта қыз облыстық балалар ауруханасында жатыр. Жағдайы өте ауыр. Біздің дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін барлық шараларды қабылдауда, - деді Мұхаметқалиев.
Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қосымша тексеру және консультациялар алу үшін бүгін, 30 тамызда Қостанайға Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының 2 маманы барды.
Облыс әкімінің орынбасары іс-шараны аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша жеке кәсіпкер ұйымдастырғанын атап өтті. Осы факт бойынша полиция тергеу іс-шараларын жүргізеді, оның қорытындысы бойынша кінәлі адамдар анықталады.
Бұған дейін облыс әкімі бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін атап өткен болатын. Болған қайғылы жағдайға байланысты тиісті бақылаудың жоқтығы үшін Ұзынкөл ауданының әкімі қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар әкімдік тарапынан іс-шараны ұйымдастыруға жауапты болған аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы лауазымдарынан босатылды, - деді Мұхаметқалиев.