31.08.2023, 16:20

ШҚО-да бір жыл бұрын жоғалған ер адам табылды

Фото: pixabay
Ол тіпті өзін біреудің іздеп жатқанын білмегенін айтты.

Шығыс Қазақстан облысында бір жылдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен ер адам табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың сәуір айында зейнеткер әйел Катонқарағай аудандық полиция бөліміне шағымданған.

Ол 45 жастағы ұлының жоғалып кеткенін мәлімдеген.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізгенімен ер адамды табу мүмкін болмады. Оның қайда жүргені 2023 жылдың тамыз айында ғана анықталды. Бұған азаматтың «Алматы-Өскемен» бағытында теміржол билетін сатып алғанының септігі тиді, - делінген ақпаратта.

Белгілі болғандай, ер адам өткен жылдан бері Алматы қаласында тұрып келген.

Сонда жұмыс істеп жүрген ол тіпті өзін біреудің іздеп жатқанын білмегенін айтты.