Астана тұрғыны бір сағат ішінде кассадан екі рет ұрлық жасап үлгерген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Polisia.kz мәліметінше, Алматы ауданы ПБ-ның криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі ұрлық фактісіне қатысы бар 34 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адамның Момышұлы көшесіндегі мейрамхананың біріне таңғы уақытта келіп, жұмыс орнында кассир жоқ екенін байқап, қылмыстық ниетпен кассада тұрған Samsung телефонын алып, үй-жайдан шығып кеткені белгілі болды.
Екінші рет бір сағаттан кейін тағыда пайда іздеген қаскүнем Тәуелсіздік даңғылы бойындағы мейрамханаға кіріп, кассирдің кеткен сәтін күтіп кассадан қомақты ақшаны жымқырған.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындады, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.