Павлодарлық телеграм каналдардың бірінде 5 жасар баланың анасы хирургке шағымданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2023 жылдың 23 тамызында Павлодар облыстық ауруханасына бес жасар баламды сүндетке отырғызу үшін әкелдім. Алайда дәрігер қателісіп, қылмыстық немқұрайлық танытып, ұлымның жыныс мүшесінің бас жағынан үштен бір бөлігін кесіп тастады. Хирургия бөлімі меңгерушісінің өзі мұның дәрігерлік қателік екенін мойындады, — деп жазды ата-ана.
Қазір ұлы екеуі Астанадағы ана мен бала орталығында жатыр. Баланың жағдайы ауыр, екі катетер қойылған, зәр шығару жолы мен үрпісі зақымдағандықтан, дәрігерлер ештеңе айта алмай отыр.
Баланың анасы денсаулық сақтау министрінен, сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкілден өз өтінішін жедел түрде қарастыруды сұрады. Ол баласының денсаулығын қалпына келтіру шараларын қабылдап, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
Аталған факті бойынша Денсаулық сақтау басқармасында комиссия құрылып, қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады, - деп атап өтті ведомство.