31.08.2023, 23:30

Азия чемпионаты: Қазақ волейболшылары екінші ойын қатарынан жеңіске жетті

Фото: instagram.com/volleyfederationkz
Қарсыластары – Гонконг, Филиппин және Қытай.

Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші мәрте жеңіске жетті, деп хабардайды ҚазАқпарат.

Құрлықтық дода биыл 22 мәрте жалауын көтерді.

Қазақстандық волейболшылар D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Гонконг, Филиппин және Қытай.

Бүгін D тобындағы 2-турда Қазақстан құрамасы Гонконгты 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен сенімді түрде жеңді.

Кеше біздің волейболшылар Филиппинмен ойнап, тай-брейкте 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6) есебімен басым түскен еді. Енді олар ертең, 1 қыркүйекте Қытаймен шеберлік байқасады. Екі ойыннан кейін Қытай 6, Қазақстан 5 ұпай жинап тұр.

Азия чемпионатында барлығы 14 құрама бақ сынап жатыр. Олардың арасынан үздік шыққан 3 құрама 2025 жылғы әлем чемпионатына берілетін жолдамаға қол жеткізеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер 6 қыркүйекте анықталады.

Айта кетсек, қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатына 12 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең үздік жетістігі – 2005 жылы алған күміс медаль.

Ал әлем чемпионатында 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдары бақ сынады. Қазірге дейін 2014 жылғы 15-орыннан жоғары нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.