03.09.2023, 05:30

Ресми! Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы анықталды

Фото: vesti.kz
Бұл - біздің мансабымыздағы ең үлкен жекпе-жек.

WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (14-0, 9 КО) кезекті қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Бұл жайында Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан өзінің facebook парақшасында мәлім етті.

«Ресми! Екі әлем чемпионы жұдырықтасады!

14 қазан.

Техаста!

Қарсылас IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Рекорды 21-0. Германиялық. Жасы 30-да.

Бұл - біздің мансабымыздағы ең үлкен жекпе-жек. Титул біріктірер сәт. Екі тұжырымда әлем чемпионы атанатын уақыт! Құдай қаласа, әлемді шулатамыз. Тарих жасаймыз!» - деп жазды өзінің Берік Сұлтан.

Қос чемпион арасындағы айқас 14 қазанда Розенбергтегі Fort Bend Epicenter аренасында, Хьюстон маңында (Техас штаты) өтеді.

Неміс боксшысы Винченцо Гуальтиери (21-0-1, 7 КО) - IBF чемпионы. Ол осыған дейін шілде айында бразилиялық Эскива Фалькаоны жеңіп, чемпион атанған.

Ал Әлімханұлы соңғы рет мамырда чемпиондық белбеуін Стоктонда (Калифорния, АҚШ) қорғады, ол кезде канадалық Стивен Батлерді (32-4-1, 26 КО) екінші раундта нокаутпен жеңді.