$ 442.05  474.14  4.74

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері қайтыс болды

Майдангер қарт көзі тірі болғанда 10 қыркүйекте 102 жасқа толатын еді.
Фото: Ұлттық ұлан
Фото: Ұлттық ұлан

Әйгілі  Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері Қайырлы Жонқабаев өмірден өтті, деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі. 

Майдангер қарт көзі тірі болғанда 10 қыркүйекте 102 жасқа толатын еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер жауынгер Боралдай зиратына жерденді. 

Қайырлы Жонқабаев 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында дүниеге келген. Қайырлы Уатайұлы майданға аттанғанға дейін Шығыс Қазақстан облысында орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарған. Ал 1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкінің жауынгерлері қатарын толықтырып, бүкіл соғысты бастан өткерді. Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында пулеметші болған ол өзінің дивизиясымен Беларусті, Польшаны, Эстонияны азат етуге қатысты. 1943 жылы ақпанда Ржев түбіндегі қанды шайқаста жараланып, жеңісті Дрезденде қарсы алды.

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Кейін аудандық тұтынушылар одағы жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. 1970 жылдан 1983 жылға дейін Алматы қаласындағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есеп директоры болды. 1983 жылы зейнеткерлікке шықты. Бес бала тәрбиелеп өсірген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін "Қызыл Жұлдыз" және ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдарымен, сондай-ақ бірнеше наградамен марапатталған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары