$ 494.87  520.65  4.91

Сирек кездесетін жайт: Атырау маңына қоқиқаздар ұшып келді

Бұрын қоқиқаздар Атырау қаласының маңына жақын келген емес.
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау қаласының маңындағы булану алаңына қоқиқаздар ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, бұрын қоқиқаздар Атырау қаласының маңына жақын келген емес.

photo

Бұл – сирек кездесетін жайт. Жергілікті тұрғындар арасында «Сасық сай» аталып кеткен булану алаңы қоқиқаздардың аялдайтын орнына айналған. Демек, бұл алаңда қоқиқаздарға табиғи азық болатын ұсақ шаянтәрізділер бар деп болжауға болады. Мұнда өсімдіктер мен микроағзаларды өсіретін микробиологиялық процестер жүргізіліп жатыр, - дейді Илья Бофонов.

Оның пікірінше, Қызыл кітапқа енгізілген қоқиқаздардың қонғанына қарағанда, булану алаңында экологиялық жағдай жақсара бастаған болуы мүмкін.

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл булану алаңы 1945 жылы іске қосылған.

photo

Атырау қалалық әкімдігі 476 гектар аумақта орналасқан булану алаңын қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысын алды. Қалпына келтіру жұмысы 2021 жылғы тамызда басталды. Жобаны іске асырудың бірінші жылында топырақ тасылып, бөгеттер салынды. Арнайы алаң дайындалды. Тұнба шөгінділері жиналып, учаскелер қамыстан тазартылды. Ал былтыр булану алаңынан 355 мың текше метрден астам тұнба шөгінділері алынып, тазартылды. Қазір бөгеттерді толтыру, тегістеу және тығыздау үшін инертті материалдар сатып алынды. Жоба бойынша булану алаңын қалпына келтіруді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары