Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, сонымен қатар осы нысандардағы шығарындыларға мониторинг жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін де атап өтті.
Сонымен қатар президент ағаш егуге қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.