08.09.2023, 15:40

«Тегін таратқан туды 3-4 мың теңгеге сатқан». Қоянбаев жанкүйерлердің әрекеті туралы пікір білді

Фото: Stan.kz
Сондай-ақ танымал әзілкеш бұл істі ұйымдастыруға қанша қаржы кеткенін айтты.

Кеше елордадағы "Астана-Арена" стадионында Қазақстан мен Финляндия футбол командалары арасында матч өтті. Туризм маманы Нурика Ошақбаева Facebook парақшасында футбол матчына барып, халықтың әрекетін көріп таңданғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Қазақстан мен Финляндия арасындағы футбол матчына барып, азаматтарымыздың моральдық азып-тозғанына куә болдым. Билеттер тамыз айында 1 500 – 2 000 мың теңгеге сатылып кеткен. Билет сататын сатушылар оларды стадион алдында 40 000 – 50 000 теңгеге дейін сатты.

Екінші, стадион алдында мемлекеттік туды 3-4 мың теңгеге сатып жатқандарды көрдім. Бұл жалаушаны Нұрлан Қоянбаев футбол федерациясымен бірлесе отырып, стадионға ілу үшін тегін таратқан. Алайда ерте келген көрермендер жалауларды жинап алып, матч басталар алдында оны да сатты. Айтарға сөзім жоқ!, - деді Нурика Ошақбаева. 

Футбол федерациясымен бірлесе отырып, туды тегін таратқан тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев көрермендердің бұл әрекетіне өз жауабын берді. Оның айтуынша, хоккей ойыны өтіп жатқан кезде де ту сатады, бұл бірліктің нышаны, деп жазды Stan.kz.

Басқа ойындарда, хоккейде ту сатады ғой. Сондай адамдар шығар. Негатив іздейтіндер ғой. Сататын адамдар хоккейдің алдында да сатады ғой. Ту тарату бірліктің қадамы ғой. Кез келген үлкен жарыс - мереке. Халыққа мереке сезілуі керек, - деді Нұрлан Қоянбаев.

Сондай-ақ танымал әзілкеш бұл істі ұйымдастыруға қанша қаржы кеткенін айтты.

3 ай бұрын дайындалдым. Қазақстан құрама командасы ойындары күзде болатынын білемін. Көк Туларды сатып алып таратайын дегенмін. Қарасам Қазақстанда ондай жоқ екен. Бір дүкенде 100-і бар, екінші дүкенде 70-і бар. 30 мың, 20 мың жоқ екен. Шетелден тапсырыс беріп тіктірттік. Жан-жақтан тіктірттік. Алматыдан да, Түркиядан да, Қытайдан да тіктірттік. Кеше алып келдік. Зорға үлгердік. 20 мың ту тараттық. Жолымен 50-60 мың доллар кеткен шығар. Қазақстанның стадионы әдемі болсын деген арманым болды, - дейді Нұрлан Қоянбаев.