Тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы Qasqa Jol Youtube арнасына сұхбат беріп, орыс тілінде білім алып жатқан қазақ балаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мен жақында шетелде болдым, сол кезде елден жақсы хабар күтесің. Бірақ көңілге бір қаяу салатын нәрсе - Тәуелсіздігіміздің 32-жылында мынау қазақтар балаларын жаппай орыс тіліндегі мектепке апарып жатыр деген бүкіл әлеуметтік желіде хабар тарады. Енді не келеді қолымыздан. Тым болмаса үн қатайық деп пост жазған болатынмын. Шынында да жүрегім қан жылайды. Бүгін біз Тәуелсіз ел бола отырып, баламызды орыс тіліндегі мектепке апаруымыз - шынында да адам төзе алмайтын нәрсе. Моральдық тұрғыда төзе алмаймын. Біз Тәуелсіздік алғалы 4,5 миллион орыс тіліндегі армияны дайындаппыз, - дейді ол.
Оның айтуынша, белгілі деңгейде бұл армия қазақтың тіліне қарсы деген сөз.
Ертең басқа ұлттың мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін. Басқа мемлекет үшін қызмет етуі мүмкін. Мінекей, ең қауіптісі - осы. Өз ана тілінде мәйектенбеген, уызына жарымаған азамат ол сол ұлттан жерініп тұрады. Ол жатырқап тұрады, жат бауыр болып кетеді, - дейді тарихшы.