14.09.2023, 09:40

Алматы облысында балабақшада 3 жасар сәби көз жұмды

Фото: pixabay.com
Қайғылы оқиға 13 қыркүйекте түскі уақытта болған.

Алматы облысында 3 жасар сәби балабақша аумағындағы кәріз құдығына құлап қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтің мәліметінше, қайғылы оқиға кеше, яғни 13 қыркүйекте сағат 13:08 шамасында болған.

Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасына Қырбалтабай ауылындағы балабақшаның бірінің аумағында ашық кәріз құдығына құлағаннан кейін ауылдық ауруханада 3 жасар баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті, - деді облыстық ПД басшысы.

Аталған дерек ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) полицияда тіркелді.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын толық, объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамаларды тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын мен жеке бақылауыма алдым, - деді Б. Әленов.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.