132 жыл бұрын (1891-1948) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Иса Таумышұлы ҚАШҚЫНБАЕВ дүниеге келген.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды.
1920 жылғы 21 маусымдағы Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол 30-жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы 23 сәуірде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы 1 желтоқсанда түрмеден босатылды.
Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.