Елімізде емханаға бекітілу науқаны жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.
Осыған орай қор баспасөз қызметі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркелу науқанына қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді.
Емханаға тіркелуге өтініш қай уақыт ішінде қаралады?
Электрондық үкімет порталы арқылы тіркелуге өтінім берілген жағдайда, тіркелу (немесе тіркеуден дәлелді бас тарту) 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Егер тіркеу науқаны кезінде басқа емханаға тіркелуге өтініш берілсе, пациент сол жерден қай уақытта медициналық көмек ала алады?
Тіркеу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізіледі және оның нәтижелері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, басқа емханада (осы емхана оны тіркеуге өтінімін растаған жағдайда) пациент жаңа жылдың басынан бастап медициналық көмек ала алады. Басқа емханаға тіркелген кезде бұрынғы емханадан автоматты түрде тіркеуден шығару жүргізіледі.
Емханаға кім тіркеле алады?
Қазақстан аумағында тұрақты тұратын (тұруға ықтиярхаты бар) ҚР азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар емханаға тіркеле алады. Азаматтардың бұл санаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында және МӘМС жүйесінде қызметтер алуға құқылы.
ҚР аумағында уақытша болатын еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де емханаға тіркеле алады. Олар - ЕАЭО-ға қатысушы елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) азаматтары. Ол үшін оларға ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) шарты (полис) немесе медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) және стационарлық көмекті жабуға есептелген медициналық сақтандыру (ЖМС) болуы керек. МСАК-тағы ЕМС немесе ЖМС шарттарының негізінде емханаға бекітіліп, ТМККК-ға кіретін медициналық көмек алуға болады. Бұл ретте еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері МСАК-қа ЕМС немесе ЖМС шарттарынсыз МӘМС-ке кіретін медициналық көмекті ала алмайды.
Барлық азамат сол жерде қызмет көрсетуді жалғастыру үшін өз емханасына қайта тіркелуге өтініш беруі керек пе?
Жоқ, тіркелген халық өз емханасында медициналық көмек алуды жалғастырады. Егер азаматтар тиісті өтінім бермесе, бұрынғы медициналық ұйымдарына тіркелген күйінде қалады.
Бір отбасының мүшелері бір учаскелік дәрігерге тіркелуі керек?
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету отбасылық бақылау қағидатына негізделген. Дәрігерге осы отбасы мүшелерінің саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру, мүмкін болатын аурулардың профилактикасы және емдеу оңайырақ болады. Медициналық көмек көрсетудегі бұл тәсіл оның сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Жақын жерде орналасқан емханадан алыс емхананы таңдауға бола ма?
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсетудің негізгі қағидаты аумақтық қолжетімділік болғандықтан, пациенттерге қадамдық қолжетімділіктің шегінде (15-20 минут жаяу жүру) емханаларға тіркелу ұсынылады. Мұндағы артықшылық үйде медициналық көмек алу мүмкіндігі болады.
Жалпы, емхананы тұрғылықты жері бойынша емес (бірақ тұрғылықты жері немесе қала ауданы шегінде) таңдауға болады. Сондықтан жақын жерде орналасқан емханаға тіркелу ұсынылады.
Бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге бола ма?
Жоқ. Тіркелу жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылатындықтан, азаматтар тек бір емханаға тіркеле алады. Бұл ретте бұрынғы емханадан шығару автоматты түрде жүргізілді.
Қандай себептер бойынша емханаға тіркелуге өтінім қабылданбауы мүмкін?
Тіркеуден бас тартудың бірнеше себебі бар:
- дұрыс емес құжаттар ұсынылды;
- пациент басқа қалада (кентте, ауылда) тұрады;
- бұл емханада барлық учаскелерде тіркелген халықтың ең көп саны асып түсті;
- тіркеуге тиісті баланың мүдделерін білдіруге заңды құқығын растайтын құжаттар болмаған жағдайда.
Нормативтік құжаттарға сәйкес, тіркелген халықтың ең көп саны мынадан аспауы керек:
•бір жалпы практика дәрігеріне - аралас халықтың 1 700 адамы (ересектер мен балалар);
• учаскелік терапевт-2 200 ересек адам;
• учаскелік педиатр-0-ден 6 жасқа дейінгі 500 бала, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 бала.
Тіркеу науқанына қанша емхана қатысады ?
Тіреу науқанына барлығы 624 МСАК объектісі қатысады, онда 13 мыңға жуық учаске жұмыс істейді. Салыстыру үшін, 2021 жылы тіркеу науқаны бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек 521 медициналық ұйымда қол жетімді болды. Жыл сайын амбулаториялық-емханалық көмек көрсетушілердің саны артып келеді. Бұл халыққа қадамдық қолжетімділікте медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Тағы қандай себептермен емхананы ауыстыруға болады?
Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес екенін естеріңізге сала кетейік. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе немесе ол орналасқан емхана қайта ұйымдастырылған немесе жойылған болса емхана ауыстыра алады.