$ 441.66  475.14  4.86

Күрестен әлем чемпионатында қазақ балуаны «алтынға» белдеседі

Егемендік жылдары қазақстандық балуандар әлем чемпионатында 16 жүлдеге қол жеткізген.

Ризабек Айтмұхан Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz. 

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Ұлттық құрама спортшысы жартылай финалда осы салмақтағы (92 кг) көшбасшының бірі грузиялық Мириани Майсураздені жеңді. Есеп: 8-1.

19 жастағы қазақ балуаны доданы 2-айналымнан бастады. Әуелі мажарстандық Балаш Юхашты, сосын түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтты. Енді Ұлттық құрама спортшысы ертең кешке əзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен алтын медальді сарапқа салады. Осылайша, қазіргі таңда Ризабек кемі күміс жүлде иеленіп тұр. 

Ширек және жартылай финалдағы қарсыласым мықты болды. Қазір олар әлем рейтингінде менен жоғары тұр. Фейзулла Ақтүріктен осыған дейін 2 рет жеңілгенмін. Бүгін сәтін салып, есе қайтардым. Осы жекпе-жектен кейін бойымда сенімділік пайда болды. Грузиялық палуанды барынша шаршатуға тырысып, дегеніме жеттім. Ертең финалда барымды салып, елімізге алтын медаль алып қайтуға барымды саламын», - деді Ризабек Айтмұхан.  

Ризабек Айтмұхан – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес мамандарының жоғары бағасын алған боз кілем шебері. Ол жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында чемпион атанды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алды.

Айта кетейік, еркін күрестен егемендік жылдары қазақстандық балуандар әлем чемпионатында 16 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі - күміс, қалғаны қола алды. Ризабекке дейін дүниежүзі додасының финалында Нұрқожа Қайпанов күрескен (70 кг, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы).

92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары