Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында жерлесіміз Жәмилә Бақбергенова қола жүлде алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жәмила 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Үшінші орын үшін бәсекеде ол польшалық Наталья Сразалкамен белдесіп, оны 4:1 есебімен жеңіп кетті.
27 жастағы елордалық спортшының бұл - дүние жүзі бәсекесінде қатарынан алған үшінші жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған.
Айта кетсек, Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ балуаны. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).
Астана қаласының балуаны чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды.Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта күресетін болады.
Жалпы Сербия астанасындағы балуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы өзара мықтыны анықтап жатыр.
Дереккөз: Zakon.kz.