Екі отбасы бір подъезде он жылдан астам бірге тұрған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
2019 жылдың шілде айында екібастұздық ер жігіт өзінің көршілес тұрып жатқан кәмелетке толмаған 13 жасар қызды зорлаған. Бұл жайтты жәбірленуші жасырып, ешкімге айтпаған. Ал 2020 жылы жасөспірім қыз бала басқа қалаға анасының көзін емдеуге аттанған кезде үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланған көрші жігіт оның сегіз жасар сіңілісін бірнеше рет зорлаған. Істің мән-жайы тек 2022 жылдың күзінде белгілі болды. Қорлық көрген кіші қыз өзінің нағашысына әпкесін көрші бала жатын бөлмеге кіргізіп, зорлағанын айтып берді. Біраздан анасына да бұл хабар жетіп, ол полицияға арыз берген.
Қылмыстық іс зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау фактісі бойынша облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында жабық отырысында қаралды.
Сотталушы қылмыстық іс жасаған кезде кәмелетке толмаған – 16 жаста болған. Егер де кәмелетке толған жағдайда оны жиырма жылға соттаушы едік,– деді сот төрешісі Құдабай Сұлтанов.– Ер азаматқа ҚР ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігінде қаралған қылмыстарды жасауда кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, сотталушы педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан екі жылға айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Ол жәбірленушілерге 2 миллион 500 мың теңге сомасында моралдік зиян өтемақысы өндіруі тиіс.
Үкім заңды күшіне енбеді.