30 қыркүйекте Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстанның бес боксшысы өнер көрсетеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Sports.kz мәліметінше, күндізгі сессияда қазақстандықтардың қатысуымен екі жекпе-жек өтеді. 54 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасындағы ширек финалда Жайна Шекербекова үндістандық Притимен кездеседі, жекпе-жек Астана уақытымен 12:00-де басталады.
Сағат 14:30-да 92 келіден жоғары салмақта ерлер арасында ширек финалдық жекпе-жек өтеді: Қамшыбек Қоңқабаев Бахрейн өкілі Данис Латыповпен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жектердің тікелей трансляциясын Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.
Кешкі сессияда қазақ боксшыларының қатысуымен үш жекпе-жек болады. Сағат 17:30-да 75 келіге дейінгі әйелдер арасындағы ширек финалда Валентина Хальзова қытайлық Цянь Лимен кездеседі.
Сағат 18:45-те ерлер арасында 57 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалдық жекпе-жек басталып, Махмұд Сабырхан солтүстіккореялық О Тэ Беоммен қолғап түсйістіреді.
Сағат 19:15-те Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта өзбек боксшысы Асадхужа Муйдинхуджаевпен ширек финалдық кездесу өткізеді. Бұл жекпе-жектердің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасының сайтында көруге болады.