Алматыда жас жігіттен таяқ жеп, ауруханада көз жұмған 4 жасар Хантөренің нағашы әжесі оқиға туралы айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Самал Тоқтасынованың анасы "сыртымыздан жала жабуға жол бермейміз" деп отыр. Қызын қызғыштай қорғаштаған әйел қылмыстың мән-жайын полиция анықтап, құқықтық бағаны тек сот беретінін жеткізді. Өткен аптада кішкентай бүлдіршінді анасының азаматтық некедегі күйеуі өлімші етіп сабап, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың демі жансақтау бөлімінде үзілген еді. Кішкентай бүлдіршіннің нағашы әжесінің айтуынша, қызын кінәлап жатқан жандар көп екен. Келіншек оқиғаның мән-жайын білмей, сыртымыздан жала жабуға ешкімнің құқығы жоқ деп отыр. "Кінәлағандар менің баламның қасында болған жоқ. Неше түрлі айтып жатыр. Мен баламның жүрегіне қаяу салғым келмейді. Өзі де тірі өлік болып жатыр. Соның өмірін, соның киімі мен аяқ-киімін кисін де, орнына өмір сүріп көрсін. Сосын барып айтсын. Ешкімнің ештеңесін тыңдамаймын да, ол айтатындар айта берсін. Бәрін уақыт орнына заң бойынша кінәлілер жауап береді. Баламның осындай жағдайға апарғызғанына. Қанішерлердің барлығы”, – дейді Тоқтасынованың анасы. "Қайғыдан есеңгіреген қызымды колледждегі жұмысынан шығарып, ауылға әкетіп барамыз" деген әйел қылмыстың жай-жапсарын полиция анықтап, құқықтық бағаны тек сот беретінін жеткізді. Қамауға алынған күдіктінің де баспанасын тауып, есігін қақтық. Алайда ішінен тірі жан шықпады.
Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде Дархан Дәулетов ата-анасымен бірге тұрған. Тұрғындар аталған отбасы ешкіммен араласпаған дейді. "Бір түрлі кісілер. Ана кісі пәтер жалдап тұрамын деп айтты, қызы. Ана кісі әпкемнің үйі деп айтты. Екі түрлі айтты. Бірекі күн ғана тарс-гүрс деген дауыс естілді. Болды”, – дейді Айдана Сексенбай.
Заңгер Бағдат Амандосұлы ұлын ұрып-соғатынын біле тұра, полицияға жүгінбеген жағдайда анасы да жауапқа тартылуы мүмкін дейді. Кәмелетке толмаған баланы қауіпті жағдайда қалдырып, салдары өлімге әкеп соққаны дәлелденсе, 25 жастағы мұғалім үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. "Бұл жерде анасының да кінәсі бар деп ойлаймын. Себебі, ол өзіне жүктелген ата-аналық парызын, міндетін тиісті түрде жүзеге асырмағандығының нәтижесі болуы мүмкін. Сондықтан менің ойымша, анасы да немқұрай қарағандығы дәлелденсе, ол да жауапқа тартылуы тиіс. Учаскелік полиция өзіне жүктелген міндеттемелерді толық жүзеге асырмаса, онда аталған құқық қорғау органының қызметкерлері қылмысты жасыру фактісімен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін”, – дейді заңгер Бадат Амандосұлы. Әкенің арызын қабылдап, ешқандай шара қолданбады делінген учаскелік полицейлердің мәселесі қызметтік тексерістің қорытындысынан кейін белгілі болады. Атышулы іс бойынша күдікке ілінген 19 жастағы жігіт қазір қамаула отыр. Тергеу жалғасуда.