Ақтауда 100-ден астам адам университеттен грант алып беремін деген алаяқтарға алданып, ақшаларын санап берген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Белгісіз біреулер өздерін Yessenov университетінің қызметкерімін деп таныстырып, ата-аналарға белгілі бір сомаға балаларына мемлекеттік грант алып беруге уәде берген. Алайда оқу жылы басталғанда, олардың балалары студенттер тізімінде мүлдем болмай шыққан. Енді бір топ ата-ана университет басшылығына барып, жағдайды түсіндіруді талап еткен.
Yessenov университетінің баспасөз қызметі ата-аналардың оқу орнына еш қатысы жоқ алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлады.
Қызметтік тексеріс жүргізіліп, әр ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс бойынша университет тарапынан да полицияға арыз түсті. Қазіргі уақытта полицейлер алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс қозғалды, – делінген хабарламада.