Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбеков Қазақстан құрамасының қоржынына жетінші алтын медальді салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 69 кг дейінгі салмақтағы қазақ спортшысы финалда Мұхаммед әл Суваидиден (БАӘ) соңғы секундта жеңісті жұлып әкетті. Есеп 4-2. Бұл Қазақстан делегациясының осы ойындардағы алтыншы алтын жүлдесі.
Нұржан жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Чо Сон-хённан (Оңтүстік Корея) басым түскен. Оған дейін не-ваза жүйесіндегі айқастарда қазақ спортшысы Рамшед Абдуллоев (Тәжікстан) пен Хаммам Осама Кандилді (Сауд Арабиясы) айқын басымдықпен жеңген.
Нұржанды осы жеңісімен құттықтаймын! Бүгін көптеген адамдарды таң қалдырды және ерекше қуантты. Жасына қарамастан, біздің спортшымыз керемет шеберлік пен жеңіске деген сенімділік көрсетті. Оған болашақта да жоғары нәтижелерге қол жеткізуін тілеймін, - деді ҚР Спорт туризм министрі Ермек Маржықпаев.
Осы салмақтағы тағы бір Ұлттық құрама өкілі Алдияр Серік Ноа Лимді (Сингапур) жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Ертеректе 19 жастағы Серік іріктеуде Оңтүстік Корея, Филиппин, Біріккен Араб Әмірлігінің джиу-джитсу шеберінен басым түскен, алайда жартылай финалда тағы бір БАӘ-нің атлеті Мұхаммед әл Суваидиға қосымша көрсеткіш бойынша есе жіберді.