Солтүстік Қазақстан облысында спирттік ішімдіктерге құмар 526 адам маскүнем ретінде биыл есепке алынды, 173 адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді, дейді Skifnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың айтуынша, мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға арналған жұмыстар нәтиже берді, көрсеткіш 2,1% азайды.
Алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 9 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 34 кәсіпкер спирттік ішімдік сату лицензиясынан айырылса, сотқа 32 материал жіберіліп, 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қоғамдық орандарда, көшеде мас күйде жүрген, арақ-шарап ішкен 8 767 адам анықталды, олардың 865-і қамалды, 244-іне әкімшілік айыппұл салынды.
Рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысқан, тіркеуі болмаған 226 адам анықталып, 198 материал сотқа жіберілді. 194 адам әкімшілік айыппұл төледі.
Биыл заңсыз айналымнан 7640 литр алкоголь өнімдері алынды, - дейді Александр Розбах.
Полицейлердің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 3 325 адам маскүнем ретінде тіркеуде тұр. Олардың 526-сы есепке биыл алынды. Сондай-ақ 173 маскүнем мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.