10.10.2023, 14:40

Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар семсерлесуден бес медаль иеленді

Фото: Olympic.kz
Дүбірлі додаға 17 елден 200-ден астам спортшы қатысты.

Алматыда семсерлесуден жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Спорттық додада Қазақстан құрамасы бес медаль иеленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Азия чемпионатына 17 елден 200-ден астам спортшы қатысты. Бұл сайыста Қазақстан құрамасы екі күміс және үш қола жүлде жеңіп алды. Семсерлесуден ерлер мен әйелдер командалары жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді.

Ерлер арасында Александр Савин, Кирилл Павлов, Александр Федотов және Никита Жулинский бақ сынады. Әйелдер арасында София Николайчук, Владислава Андреева, Александра Тамбовцева және Каролина Фомина ел намысын қорғады.

Семсерлесуден жекелей жарыста Александр Федотов қола жүлдегер атанды.

Қылыштасудан ерлер мен әйелдер командалары үшінші орын алды.

Жүлде иегерлері Қайша Жәнібек, Полина Ко, Диляра Исабекова, Адема Серікбай, Нұрмұхамед Жайлыбай, Қайназар Нұрқатұлы, Артур Чупраков және Қуаныш Ерғашбай болды.