Қостанай облысында жүргізуші жол бойында киікті қағып, ұшасын бөлшектегені үшін жауапқа тартылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
10 қазанда Жангелдин ауданының Торғай ауылында А.Байтұрсынов көшесі бойында сағат 00:30 шамасында полиция қызметкерлері Toyota Hilux автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүк салғышта киіктін ұшасы табылды.
49 жастағы жүргізуші Торғай ауылынан 15 шақырым жерде жануарды қағып кеткенін, содан кейін жеке пайдалану үшін ұшаны бөлшектеуге шешім қабылдап, жүк салғышқа салғанын түсіндірді. Осы факт бойынша Жангелдин ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-1 бөлігі («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.