12.10.2023, 12:40

Сенат Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңды Мәжіліске қайтарды

Фото: «NewTimes.kz»
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы жинақтау шоттарына жыл сайын 18 жасқа толғанға дейін нысаналы жинақтар есептеледі.

Сенаттың жалпы отырысында «Ұлттық қордан» балаларға арналған қаражатты есептеуге қатысты заң жобасын екінші оқылымнан соң Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Заң Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасын іске қосу қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына тұрғын үй сатып алуға және білім алуға кейіннен пайдалану мүмкіндігімен, мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды болжайтын тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Қаржы және бюджет комитеті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - Заң) Комитеттің 2023 жылғы 10 қазандағы кеңейтілген отырысында Қаржы, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет министрліктері, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамы өкілдерінің, басқа комитеттер депутаттарының және Сенат аппараты қызметкерлерінің қатысуымен қарап, мыналарды атап көрсетеді.

Заңның міндеті Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының жас буынын кәмелетке толған кезде (он сегіз жаста) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе 18 жасқа толғаннан кейін жинақтар есебінен білім алуға мүмкіндік беру арқылы қолдауға бағытталған. Заңмен Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына тұрғын үй сатып алуға және білім алуға кейіннен пайдалану мүмкіндігімен, мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару болжанады. Қаражатты пайдалану мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) саласындағы және тұрғын үй құрылыс жинақтары саласындағы заңнаманың немесе тұрғын үй сатып алу (үлестік құрылысқа қатысу) туралы шарттың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс, - делінген Сенат қорытындысында.

Сенаторлардың қорытындысына сай, заңның болжамды нәтижесі – ҚР азаматтары болып саналатын балаларға 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы жинақтау шоттарына жыл сайын 18 жасқа толғанға дейін нысаналы жинақтар есептеледі. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін туған ҚР азаматтары болып саналатын балаларға есептелетін жыл сайынғы нысаналы жинақтардың саны олар он сегіз жасқа толғанға дейін қалған жылдар санына тең болады.

Сенаттың тұрақты комитеттерінің Заңның тұжырымдамасы бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.

Баяндалғанды ескере келе, Қаржы және бюджет комитеті "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 58-тармағына сәйкес оны бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады, - делінген Сенат қорытындысында.

Дереккөз: Zakon.kz