Павлодарда мектеп асханасының тамағынан құрт шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
М.Әуезов атындағы орта білім мектебінің асханасында ботқа мен котлеттің арасынан шыққан құртты оқушы фотоға түсіріп, анасына жіберген. Кейін фото әлеуметтік желіде тарады.
Оқи отырыңыз: Павлодарда мектеп асханасындағы тамақтан құрт шықты
Ақпаратқа сәйкес, білім мекемесінің әкімшілігі, оқушылардың өзін-өзі басқару тобы және ата-аналар қауымының өкілі жедел тексеріске шыққан. Оның қорытындысы бойынша ботқаны пісіруге пайдаланылған жарма бұзылмағаны және тамақ әзірде ғана пісірілгені анықталған.
Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралиннің айтуынша, М.Әуезов атындағы орта білім мектебінің директорына сөгіс жарияланды.
Мұндай шара мектептегі тамақтану мәселесін дұрыс бақыламағаны үшін қабылданды. Асхананы жалға алушымен келісімшарт бұзылған жоқ, – деді Қуаныш Қыдралин.
Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ботқаның ішінен құрт көрген оқушының анасы шағым жазудан бас тартқанын хабарлады. Ал департамент арыз болмаса, өздігінен тексеріс жүргізе алмайды. Дегенмен департаментке мектеп директорының атынан жеке кәсіпкерге қатысты хат түскен. Хат Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық органдарында тіркелгеннен кейін тексеріс жүргізілетін болады.