$ 495.2  522.34  4.94

«Газа секторында 67 Қазақстан азаматы жүр» – СІМ

ҚР азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеген.
Фото: ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

Қазіргі кезде Газа секторында Қазақстанның 67 азаматы жүр. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде, Газа секторында 100-ден аса қазақстандық болуы мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Бүгінде Израиль мен Палестинадағы әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ҚР азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару бойынша шараларды қарастырып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері жұмылдырылған.

16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі ҚР Елшілігіне 100-ден астам ҚР азаматы елден кетуге жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Олардың бір бөлігі қазақстандық дипломаттардың көмегімен елден кетіп қалды. Кеше Қазақстанның Израильдегі елшілігінің көмегімен 19 азаматымыздың, оның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 баланың ұшып шығуы ұйымдастырылды. Азаматтарымыздың қауіпсіз кетуін қамтамасыз ету мақсатында дипломаттар балаларды Израильдің әртүрлі аймақтарынан әуежайға дейін жеткізуін жүзеге асырды. Израильдегі ҚР елшілігі отандастарымызды елден ұшу және әуе билеттерді сатып алу мәселелері бойынша үйлестіруді жалғастыруда. Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штаттық режимде өз жұмысын жалғастыруда.

Газа секторындағы жағдай өте күрделі. Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста. Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің (100-ден астам адам, оның ішінде 67 ҚР азаматы) Газа секторынан Египетке Рафах өткізу пункті арқылы шығуы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қазақстаннан басқа тағы 45 ел елшілігі осындай келіссөздер жүргізуде. Кейбір отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелері – шетелдік азаматтарда қандай да бір құжаттар жоқ. Осы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерді қазақстандық дипломаттар пысықтап жатыр, - деді А.Смадияров.

СІМ өкілінің айтуынша, отандастарымызбен байланыс үшін өзекті деректер тұрақты негізде жаңартылып отырады. ҚР азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары