Ажалы - энергетикалық сусыннан емес! Астанадағы концертте көз жұмған «Ирина Кайратовна» тобының мобилографы Шахназ Жылқайдардың құрбысы осылай деп мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мөлдір есімді бойжеткеннің айтуынша, марқұм апта бойы жұмыстан бас көтермеген. Тіпті қайтыс боларының алдында екі тәулік бойы көз ілмегенін айтыпты. Бүгін дәрігерлер мобилографтың өліміне жедел геморрагиялық панкреонекроз дерті себеп болды деген болжамын айтты. Ал сараптама нәтижесі екі аптадан кейін белгілі болмақ, деп жазды КТК телеарнасы.
"Ирина Кайратовна" тобының мобилографы Шахназ Жылқайдаров өмірінің соңғы сағаттары екенінен бейхабар жігіт дайындық барысын пысықтап, алда ауқымды жұмыстың күтіп тұрғанын айтып әлеуметтік желіге ақырғы видеосын жүктеген. Мына кадрлерде де қаннан қаперсіз қолын бұлғап қызметіне енді кіріскелі тұрған сәті.
Осылайша, жас жігіт концерт басталмас бұрын жұмыс істеп жүрген кезінде көпшіліктің көзінше сахнада есінен танып құлайды. Оқыс жағдайды кей көрермендер таспалап үлгеріпті. Сағат 20:23-те шақыртылған жедел жәрдем концерт өтіп жатқан жерге араға он минут салып жетеді. Кештің басталуын күтіп, тағаты таусылған көрермендер қиқулап, шулай бастаған соң, топ мүшелері сахнаға шығып мән-жайды түсіндіруге мәжбүр болды.
Марқұмның денесі бірден сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Өлімнің себебі - жедел геморрагиялық панкреонекроз. Әлеуметтік желіде бұған қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жатыр. Соның бірі - энергетикалық сусынды көп мөлшерде тұтынған болуы мүмкін деген болжам. Алайда, марқұм Шахназдың Мөлдір есімді құрбысы мұны жоққа шығарды. Сұхбат беруден бас тартқан бойжеткен, марқұм көзі тірісінде энергетикалық сусынға мүлдем, түбегейлі қарсы болған. Өлімнің себебі бұл емес деп жауап қайтарды. Ал талдау нәтижелері екі аптадан соң белгілі болады дейді Денсаулық сақтау басқармасы.
14 қазан күні Жылқайдар Шахназдың денесі сот медициналық сараптама жұмыстарын жүргізу үшін сот сараптама институтына жіберілді. Өлімнің алдын ала себебі ол жедел геморрагиялық панкреонекроз. Өлімнің нақты себебін біз тек қана таксикологиялық зерттеу нәтижелерінен кейін білетін боламыз. Зерттеу жұмыстары екі апта көлемінде жүргізіледі, - Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Наргиз Шотпай.
Қайғылы жағдайдың мән-жайын қалалық полиция департаменті де анықтап жатыр.
14 қазан күнгі концертте 21 жастағы мобилограф есін жоғалтып, сахнада құлап қалды. Өкінішке орай жедел жәрдем келген кезде, оның қайтыс болғаны белгілі болды. Сол уақытта әкімшілік қызметкерлері көрермендерге болған жағдайды жеткіздi. Келушілер түсіністікпен қабылдап, концерт аяқталды, - деді Астана ПД СЖІК бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Гүлмира Шрахметова.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Марқұмның жасы небары 21-де болған. Әлеуметтік желіге жүктеген видеоларында өз жұмысын ынтамен істегенін аңғаруға болады. Топ мүшелері «Қазіргі таңда біз досымыз бен әріптесіміздің не себептен көз жұмғанын айта алмаймыз. Бұл туралы құзырлы органдардан ресми түсініктемелер күтіп отырмыз» деп қысқа қайырды. Танымал әншілер сондай-ақ алдағы Еуропада өтетін турын Шахназдың құрметіне арнайын деп отыр.