Елордада Стандарттау жөніндегі кеңейтілген ғылыми-техникалық кеңес өтті, онда ұлттық стандарттардың жобалары қаралды, оның ішінде деңгейлер бойынша қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері жөніндегі жобалар мақұлданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Отырысқа Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Жарылқасынұлы, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Ерсұлтанова Гүлнұр Серікбайқызы қатысты.
Стандарттың негізгі мақсаты – қазақ тілін меңгеру деңгейін белгілеу, содан кейін Ұлттық тестілеу орталығы тестілеуді өткізіп, тиісті сертификаттар береді.
Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның қабылдануымен байланысты жоғарыда аталған әзірленген стандарттар өте қажет, өйткені олар жұмысты нақты регламенттер мен талаптарға сәйкес келтіреді, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлы.
Міндетті тестілеуден мынадай санаттар өтеді:
- магистратура мен докторантураға түсетін студенттер.
- мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» органының кадр резервіне енгізілген қызметкерлер.
- «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер талапкерлер.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына түсуге үміткер студенттер.
- «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқытушылары.
Әзірлеушісі ҚазСтандарт, қолданысқа енгізілетін болжамды күні – 2024 жылдың 1 қаңтары.