$ 495.2  522.34  4.94

Қытайдың Орталық Азия елдерімен саудасының жартысы Қазақстанға тиесілі – Президент

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің сапары барысында Қытай тарапымен табысты келіссөздер жүргізілді.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

Екі ел арасында белсенді әрі сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтер мен парламенттер деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Бүгін Төраға Си Цзиньпинмен және Мемлекеттік кеңестің Премьері Ли Цянмен жан-жақты келіссөздер жүргізу барысында өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенімізді растадық. Қазіргі таңда Қытайды Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің және біздің экономикамыздың ірі инвесторларының бірі деуге болады. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 40 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі, – деді Президент.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің сапары барысында Қытай тарапымен табысты келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі бекиді, өзара тиімді ынтымақтастық дамиды және екіжақты қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжао Лэцзи Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық қатынасының жоспарлы түрде нығаюын оң бағалады, сондай-ақ кең көлемдегі екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары