Елордада жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ анықталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Polisia.kz мәліметінше, елорданың бес тұрғыны полицияға алаяққа алданғандарын айтып, арыз жазған. Айтуларынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген желеумен олардың ақшасын иемденіп кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 жастағы ер адамды анықтады.
Ол жарнамалық веб-сайтта төмен бағамен және интерьердің әдемі фотосуреттерімен тұтынушыларды қызықтырған. Ол басты шарты соманың 50 пайызын алдын ала төлеуді ұсынған. Сөйтіп жарты соманы алғаннан кейін хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып жіберген.
Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, өзге де жәбірленушілер анықталып жатыр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.