20.10.2023, 11:00

«Кредит алып, қарызға белшесінен батқан азаматтарымыз көп» – Қошанов (ВИДЕО)

1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз.

Бүгін «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты  арттыру»  тақырыбында Парламенттік тыңдау басталды. Тыңдау барысында халықтың қарызға бату мәселесі талқыланып жатыр. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, қазіргі кезде 8,4 млн адамның несиесі бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қошанов айтқан цифрларға сүйенсек, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4  миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. 

Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды, - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай.

 Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналды. Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы бұл - әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек, - деді ол.