$ 439.43  473.31  4.82

Астанада бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтеді

Жанкүйерлер үшін кіру тегін.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

23 қазан мен 3 қараша аралығында Астана қаласында бірінші рет бокстан жасөспірімдер (2005-2006 ж.т) және жастар (2007-2008 ж.т.) арасында Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Beeline Arena спорт кешеніндегі байрақты бәсекеге сары құрлықтың 23 елінен ең мықты деген 500-ге жуық жас спортшы Азия чемпионы атағына таласады. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қытай Тайпейі, Жапония, Филиппин, Гонконг, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Иран, Қырғызстан, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Түркіменстан, Палестина, Пәкістан, Йемен, Ирак, Иордания, Кувейт, Малайзия мемлекеті бар.

Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ұлдар 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі); қыздар 12 салмақта (45-48 келі, 50 келі, 52 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63 келі, 66 келі, 70 келі, 75 келі, 81 келі, +81 келі) сынға түседі.

Жастар арасындағы чемпионатқа 2005 және 2006 жылы туған боксшылар қатысады. Ал 2007 және 2008 жылы дүниеге келген балалар жасөспірімдер арасындағы жарыста бақ сынайды.

Qazsport телеарнасы тікелей эфирде жартылай финал және финалдық бокс бәсекелерін көрсетеді. Ал негізгі шаршы алаңдағы жекпе-жектерді 23 қазан мен 3 қарашада ASBC YouTube каналы арқылы түскі 12:00-ден түнгі 22:00-ге дейінгі уақытта көруге болады. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 2-3 қарашада анықталады.

Жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Айта кетсек, Қазақстан бокс федерациясы бұған дейін Азия чемпионатын 2016 жылы Павлодарда өткізген болатын.
- 2007 жылы Алматы қаласында жастар арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.
- 2013 жылы Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.
Чемпионат ҚР Туризм және Спорт министрлігі, Қазақстан бокс федерациясы, Спортты дамыту дирекциясы, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары