Өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға төмен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ведомства өкілінің айтуынша, жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.
Ал, 2027 жылға дейін іске қосылуы тиіс бірнеше инвестициялық жобалар кейінге қалдырылған. Оспановтың айтуынша, оған – жер мәселесі, инвесторлар қаржысының жетіспеуі, жабдықтардың кешігуі немесе жеткізілмеуі, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу секілді жағдайлар ебеп болған.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын Өнеркәсіп және қүрылыс министрлігі белсенді жүргізу қажет екенін айтты.
«Үкімет жол картасын мақұлдады, осымен барлық мәселе шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл бар болғаны – бюрократия! Инвестициялық жобалардың нақты нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деуге болмайды. Мұнда жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын, жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылап, өз тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет» деді Премьер министр.
Биыл жалпы 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы инвестициялық көлемі 1 трлн теңгені құрайды. Аталған жобалардың қатарындағы ең ірілері – шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы, тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар.
Қазіргі уақытта 65 жоба іске асырылған, олардың жалпы құны 200 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Ақтөбе, Ақмола, Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемі төмендеп, жобаларды іске асыру мерзімі кейінге шегерілгенін атап өтті.
«Аталған жобалар, ең алдымен, өңірлердің экономикасы үшін аса маңызды. Сондықтан, облыс әкімдігі тиісті компаниялармен бірлесіп, туындаған мәселелерді тез арада шешуі тиіс» деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласында инвестиция көлемі өскен. Нәтижесінде, жобалардың экономикаға тиімділігі байқалады.