24.10.2023, 01:30

Елорда әкімдігі Республика күні қарсаңында қандай шаралар өтетінін мәлімдеді

Фото: Pixabay
Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінген.

Астанада Республика күніне орай, 200- ден астам шара өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. 

Астана әкімдігінің мәліметінше, концерттер қаланың орталық алаңдарында ғана емес, қаланың бес ауданының тұрғын алаптарында да өткізіледі. Оның ішінде, 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар өткізу жоспарланған.

«Алдағы іс-шаралардың қатарында мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер, халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттерін тарату және т.б. бар», делінген хабарламада. 

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын үй алаптарының аумағында, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді.

Мәселен, бұл күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп қаланың бес ауданының тұрғын алаптарында мерекелік концерттер өткізілетін болады:

Сарыарқа ауданы – Көктал-2 тұрғын алабы (Қорғалжын алаңы), сағат 12.00; Байқоңыр ауданы – Өндіріс тұрғын алабы, сағат 12:00; Алматы ауданы – Интернациональный тұрғын алабы (Мекере көшесі, 2/1), сағат 12.00; Есіл ауданы – Пригородный тұрғын алабы, сағат 12.00; Нұра ауданы – Жағалау шағын ауданы (Сығанақ-Айтматов қиылысындағы саябақ) сағат 12:00-де.

Айта кетейік, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда тұрғындары «Менің елім – менің туым!» челленджін бастады. Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінген.