Сонымен қатар қауымдастық басшысы экономиканы әртараптандыруды қазірден бастау маңызды екенін ескертті. Өйткені мұнайға қарап отыратын уақыт өтіп барады.
Ішкі нарыққа мұнай жеткізетін көптеген кен орнындағы қор таусылуға шақ қалды. Ал алдағы уақытта мұнай бағасы қымбаттайды деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, болашақта еліміздің кей мұнайлы өлкелерінде жұмыссыздық белең алуы мүмкін.
«Ішкі нарыққа мұнай жеткізетін көптеген кен орнындағы қор таусылуға жақын. Ондағы мұнай өндіру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл ең алдымен Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы кен орындарына байланысты. Мемлекет басшысы ескі кен орындарының мәселесіне бірнеше рет назар аударды. Бірақ жағдай өзгермеді, жүйелі шаралар қабылданбады», – деді ол.
Сонымен қатар қауымдастық басшысы экономиканы әртараптандыруды қазірден бастау маңызды екенін ескертті. Өйткені мұнайға қарап отыратын уақыт өтіп барады.
«Сарапшылардың пайымдауынша, қазірдің өзінде мұнайдан түсетін мол ақшаның дәуірі аяқталуға жақын. Мұнайдың физикалық көлемінің азаюы жағдайында баға конъюнктурасының жақсаруына үміт артудың қажеті жоқ», – деді KAZENERGY қауымдастығының бас директоры.