30.10.2023, 16:40

Қуантыров: «Құмар ойын» салығының мөлшері артады

Фото: gov.kz

Қосымша кірістері бар банк саласы үшін 2025 жылдан бастап корпоративті табыс салығы көтерілмек.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда депозиттердің барлық түріне салық салынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы “Информбюро”  жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін мәжілісте депозиттерге салық салу туралы мәселе қаралған болатын. Ал қосымша кірістері бар банк саласы үшін 2025 жылдан бастап корпоративті табыс салығы 25 пайызға, жер қойнауын пайдаланушылар мен ойын бизнесіне 30 пайызға дейін көтеріледі. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жеке "құмар ойын" салығының мөлшерін де арттыру жоспарда бар екенін айтты. Салық кодексіндегі тағы бір жаңашылдық – енді жылдық табысы 40 миллион теңгеден асатын азаматтарға прогрессивті жеке табыс салығын салу көзделіп отыр. 

Бұл ең төменгі еңбекақы мөлшерімен байланысты. Ол белгілі бір кезеңде өзгеріп отыратынын білесіздер. Инфляция деңгейі де әсер етеді. Еңбекақыдан 10 пайыз жеке табыс салығын барлығымыз төлейміз. Жаңашылдықты түсіндіре кетейін. Мысалы, азаматтың табысы 45 миллион теңге дейік. Ол 40 миллионға 10 пайыз табыс салығын төлейді. Ал қалған 5 миллион теңге үшін 15 пайыз салық есептеледі, –  деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.