31.10.2023, 11:40

Үкіметте халықтың шамадан тыс несие алуын азайту мәселелері талқыланды

Фото: pixabay.com

Азаматтардың ХҚКО, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар.

 

 

Үкімет отырысында халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету үшін бірқатар жүйелі және жедел шараларды қабылдау мәселесі талқынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың баяндауынша, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету үшін бірқатар жүйелі және жедел шара қабылданып жатыр.

Олардың бірі – барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құру.

Жобалық кеңселердің маңызды міндеті азаматтарға несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жәрдемдесу сияқты өзекті мәселелерді шешуде көмек көрсету болмақ.

Тағы бір бағыт – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру.

Атап айтқанда, бүгінгі таңда ЖОО студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр.

Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде.

Сонымен қатар республикада банкроттық және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылған. Оны банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша қолдануға болады.

Азаматтардың ХҚКО, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Qoldau деп аталатын жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Ол өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің критерийлерге сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді.

Бүгінгі таңда жалпы борыш сомасы 9 млрд теңгеден асатын 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.