01.11.2023, 20:30

Депутаттар: Шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлық белең алған

Фото: Pixabay

Шекара қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттің ең жоғары басымдығына ие болуы тиіс, дейді олар. 

ҚР Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы шекаралардың жағдайы мәз емес екенін айып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Депутаттардың айтуынша, шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлық белең алған. 

Қазіргі таңда заставалардың көбі апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар балабақшаларда, өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған ескі үйлердің ғимараттарында орналастырылған. Шекара заставаларының саны Мемлекеттік шекараны санаттау ережесінде бекітілген талаптарға сай емес.

Іске асырылып жатқан Шекара қызметінің жоспарлы модернизациясы бұл проблеманы шешуге жеткіліксіз. Шекара қызметі 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 68 объектінің құрылысы басталған болатын. Мердігерлік ұйымдардың шарттық міндеттемелерді жауапсыз орындауы және Шекара қызметінің лауазымды адамдары жол берген құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық салдарынан бұл объектілердің 15-і аяқталмай қалған.

2017 жылы аяқталмай қалған 15 объектінің 9-ына құрылысты аяқтау мақсатында тексеру және аудит жүргізілген. Олардың 3-еуінің жағдайы авариялық және 9-ының жағдайы нашар болып табылған. Яғни жауапсыздық пен жемқорлық шекара саласында белең алғанын көруге болады. Оған тағы да жақында Солтүстік Қазақстан облысында салынып жатқан застава құрылысының жай-күйімен танысу барысында көз жеткіздік. Құрылыс компаниялары нысанды уақытында бітірмеу арқылы келесі жылға тағы да ақша сұрап үйренген , деді депутаттар. 

Сонымен қатар олар Қорғаныс саласын және Шекара қызметін қаржыландыру Республикалық бюджеттің ең жоғары басымдығына ие болуы тиіс дейді.