01.11.2023, 22:30

Бұрынғы вице-министрдің иелігіндегі кен орны мемлекетке қайтарылды

Фото: Pixabay

27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Т. Тоқтабаевқа  қатысты үкімі жарияланды.

Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды  Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, бұрынғы вице-министр Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны қайтарылды.

Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.

Ү.ж. 27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Т. Тоқтабаевқа  қатысты үкімі жарияланды.

Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасынан айырылып, қымбат мүліктері тәркіленді:

1. Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;

2. Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;

3. 2021 жылы шыққан «Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC» маркалы авто;

4. 2021 жылы шыққан «Bentley Bentayga V8» маркалы авто.

5. Он үш коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастыруда.