02.11.2023, 23:30

«Ес-түзсіз жатқан»: Астана әуежайының қызметкері жұмыс орнында қайтыс болды

Фото: nqz_airport

Әуежай қызметкерлері жұмыс орнында багажы мен жүгі бар көлік тиегішінің салонында ес-түссіз жатқан жүргізушіні тапқан. 

 

Астана әуежайында жүк тиегіштің жүргізушісі қайтыс болды. Қайғылы оқиға 2 қарашада болды. Бұл туралы елордалық әуе айлағының PR қызметінің жетекшісі Тойгүл Жұбанісова жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Әуежай қызметкерлері жұмыс орнында багажы мен жүгі бар көлік тиегішінің салонында ес-түзсіз жатқан жүргізушіні тапқан. Осыған байланысты фельдшерлік-акушерлік пунктке дәрігерлерден перронға шақырту түсті. Дәрігерлер реанимациялық шаралардан кейін жүргізушінің қайтыс болғанын растады.

Тойгүл Жұбанісова қаладан келген полицияның жедел-тергеу тобы жедел-іздестіру шарасын жүргізгенін, одан кейін олардың сүйемелдеуімен әуежайдың медицина орталығынан жедел жәрдем көлігімен мәйіт елорданың сот-медициналық сараптама орталығына жіберілгенін түсіндірді.

Сонымен қатар жүргізуші 2023 жылдың қазан айында медицина тексеруінен өткені айтылады.

Таңертең ауысым алдындағы міндетті медицина тексеруі болды, денсаулығына шағымдар болған жоқ. Әуежай марқұмның отбасына тиісті әлеуметтік көмекті көрсетеді, – дейді Тойгүл Жұбанісова хабарламада.