Байқоңыр – Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген қазақстандық қала.
Енді қазақстандықтарға жабық қалаға кіруге рұқсат алу үшін алдын ала құжат тапсырудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Президенттің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында жасалған келісім бірінші желтоқсанда күшіне енеді.
Байқоңырға кіреберісте бақылау-өткізу пункті орналасқан. Қалаға кіріп-шығу тәртібін әскерилер қадағалайды. Ол үшін арнайы құжаттар жинақтап, кемінде 10 күн бұрын қала әкімшілігіне қызметтік немесе жеке мәселе бойынша Байқоңырға кіру жөнінде өтініш беріледі. Содан кейін рұқсат қағазын әзірлеу процедурасы жүреді. Жедел рұқсат қағазы төтенше жағдайларда: мысалы, туған-туысы қайтыс болғанда беріледі.
Белгіленген тәртіп бойынша Байқоңырға келген адам 10 күн бұрын өтініш беруі керек. Келісімге өзгеріс енгізілді. Ұзақ зерттеуден кейін шешім қабылданды. Пилоттық режимде 1 желтоқсаннан бастап бақылау-тексеру пунктінде Қазақстан азаматтарына рұқсаттама қағаз беріледі, - деді Қызылорда облысы әкімінің арнайы орынбасары және "Байқоңыр" кешеніндегі Президенттің арнайы өкілі Қайрат Нұртай.
Байқоңыр – Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген қазақстандық қала. Қолданыстағы мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, "Байқоңыр" кешені (оның құрамына ғарыш айлағы мен қала кіреді) 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілді және осы уақыт ішінде ол Ресейде федералдық маңызы бар қала мәртебесіне де ие болмақ.
Бүгінде Байқоңырда 75 мыңға жуық адам тұрады. Оның үштен екісі қазақстандықтар.