06.11.2023, 16:20

Қазақстандық бірнеше университет Франциямен меморандумға қол қойды

Фото: gov.kz

Ең маңызды құжаттар – Абай университеті мен Францияның Орталық Азияны зерттеу институты (IFEAC) арасындағы келісім.

Қазақстандық университеттер Франциямен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Сорбонна-Қазақстан институтында Қазақстанның 6 жоғары оқу орны – Абай университеті, Сәтбаев университеті, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Maqsut Narikbayev University және Алматы энергетика және телекоммуникация университетімен ынтымақтастық туралы меморандум мен келісімдерге қол қойылды.

Ең маңызды құжаттар – Абай университеті мен Францияның Орталық Азияны зерттеу институты (IFEAC) арасындағы келісім, сондай-ақ «Алматы Француз Альянсы» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандум.

Бірінші келісім IFEAC пен Абай университеті арасында халықаралық құқық, экономика, тарих және т.б. әртүрлі салаларда институционалды зерттеу серіктестігін орнатуға бағытталған. Ынтымақтастық бірлескен ғылыми және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруды, ғылыми жұмыстарды жариялауды, сондай-ақ студенттерді ғылым бағытына даярлауды көздейді.

«Алматы Француз Альянсы» ҚБ-мен ынтымақтастық туралы меморандум Абай университетінде осы елдің француз тілі мен мәдениетін таныстыруға бағытталған. Меморандум Абай университетінің студенттері үшін DELF DALF француз тілінен халықаралық емтихандарды ұйымдастыру, бірлескен іс-шараларды жоспарлау мен өткізуде серіктестік негізінде ақпараттық, кадрлық және ұйымдастырушылық ресурстарды пайдалану, оқытушылардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қамтиды.

Жоғарыда аталған отандық жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдер Қазақстан мен Франция арасындағы білім, мәдениет және ғылым саласындағы байланыстарды нығайтудың жаңа кезеңін көрсетіп, келешегі зор ынтымақтастық пен білім алмасу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.