07.11.2023, 10:40

БҚО-да белгісіз індеттен ірі қара қырылып жатыр

Фото: Pixabay

Белгісіз аурудан тана-торпақ ақсаңдап, үстінде ісік пайда болады екен.

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз індеттен ірі қара қырылып жатыр. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро жаңалықтары хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шаруалардың айтуынша, белгісіз аурудан тана-торпақ ақсаңдап, үстінде ісік пайда болады екен. Салдарынан 100- ге жуық мал арам өлген. Жергілікті тұрғындар бұған дейін қарасанға қарсы вакцинация жүргізілгенін айтады. Олар ауру осы екпеден пайда болуы мүмкін деп отыр. Ауыл шаруашылығының кей сарапшылары, белгісіз індеттің таралуына киіктерді жаппай ату себеп болуы мүмкін дейді.

Ал, облыстық ветеринария басқармасының мамандары аталған ауданда өлген малдың саны 10-ға жеткенін айтты. Әуелі 7 бас қырылып, соның үшеуінен сынама алынған. Алайда ірі қарадан қарасан да, сібір жарасы да табылмапты.

Ол 8-10 күн ішінде шығады. Тап сол қарасан сол аурудан болып тұр деп зертхана қорытындысынсыз айта алмаймыз. Мал ауырып өлді деген күдік болған кезде дәл қай ауру деп мал дәрігері вердикт ана жерде шығарады, соған тексереді де, сосын сібір жарасы секілді ұқсас ауруларды да қарайды. Ол тек бір ауруға тексермейді, дейді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Кенжебек Аймашев.