Зардап шеккендерге «тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылған.
Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер мектеп асханасындағы тамақтан уланды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауданның орталық ауруханасына мектеп асханасында түскі ас ішкен 48 адам келіп түскен. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар. Балалардың көбі – 7-10 жас аралығындағы оқушылар.
Ведомстводағылардың мәліметінше, тамақтан уланған балалар Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылған.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағаланып отыр. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы уланған балалардың жағдайы бақылауда екенін айтты.