Алдымен, жылыту маусымы басталмас бұрын, әр үйде мұржаларды уақтылы тазалап, пештерді жөндеу қажет. Ақауы бар жылыту құралдарын қолдануға болмайды.
Апат айтып келмейді. Лап ете қалған қызыл жалын көзді-ашып жұмғанша біраз жерді шарпып, қанша тұрғын үйдің, мекеменің күлін көкке ұшыруы мүмкін. Дегенмен, кез келген өрттің алдын алуға, сақтық шараларын сақтауға болады. Бұл ретте, Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары қазақстандықтарды өрттен сақтану ережесін түсіндіруден жалыққан емес. Бүгін Skifnews.kz ақпарат порталы қызыл жалынды болдырмас үшін не істеу керектігін және қай кезеңде өрт оқиғасы жиі болатынын өр сөндірушілерден сұрап көрді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жылыту маусымы басталған кезде қалалық жерлердегі тұрғын үй кешендерінде өрт шығу оқиғалары жиі болып тұрады. Себебі жылыту маусымы – өрттің болу себептері көбейетін кезең. Сондықтан қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған сәтте өрт туындау қаупі бар екенін ұмытпаған жөн.
Жалпы құтқарушылар халыққа өрттің қаупі туралы айтып ғана қоймайды. Өрттің алдын алу үшін тұрғын үйлерге датчиктер орнатады. Мәселен, улы газбен уланудың алдын алу мақсатында биыл 1 маусымнан бастап республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке тұрғын үйлерінде 18709 газ анықтау датчигі, соның ішінде – 4494 табиғи газдың, 11599 – улы газдың және 2616 түтін датчиктері орнатылған.
Халықтың өртке қарсы күресу қабілетін арттыру үшін тұрғын үй секторында азаматтарға пештерді, электр жылыту аспаптарын орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын және өрт туындаған кездегі іс-қимылдарды түсіндіру бойынша профилактикалық шаралар өткізілген.
Дегенмен, өрттің алдын алу шаралары жасалғанымен, жылыту маусымы басталғалы бері (5 қазаннан бастап) тұрғын секторда 528 өрт оқиғасы тіркелген. Жылыту пештерінің және газ жүйелерін қолдану кезінде улы газбен улану оқиғалары да болған,
Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігі халыққа өрт шығу қаупін болдырмас үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Сонымен, қызыл жалын шарпымас үшін не істеу керек?
Алдымен, жылыту маусымы басталмас бұрын, әр үйде мұржаларды уақтылы тазалап, пештерді жөндеу қажет. Ақауы бар жылыту құралдарын қолдануға болмайды. Екіншіден, балаларды пешті жағуға жұмсамаңыз. Өйткені әлі оң мен солын танып үлгермеген балалар отпен ойнаймын деп от басуы мүмкін.
Министрліктің ресми мәліметінше, балалардың отпен ойнауы себебінен 209 өрт оқиғасы болған.
2023 жылдың 10 айында ел бойынша барлығы 9 057 өрт тіркелді, оның ішінде балалардың отпен ойнауы себебінен 209 өрт болды немесе жалпы өрттің 2,31%. Көбінесе балалардың отпен араласуына байланысты өрттер балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырған кезде пайда болады, – делінген ТЖМ-нің ресми хабарламасында.
Әлбетте, өрт шыға қалған кезде оқиға орнына дереу жетіп келетін өрт сөндірушілер екені анық.
Біз 100-ден астам өртті сөндіріп, 10-ға жуық адамды құтқарған Өскемен қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Амантай Қошқаровтан жұмыс барысындағы қиындықтар туралы сұрап көрдік. Амантай ағамыз өзі 2006 және 2023 жылдары Ұлан және Глубокое аудандарында орманды дала өрттерін сөндіруге қатысқанын есіне алды.
2002 жылы өз қарауылыммен бірге 2007 жылы Өскемен ЖЭО-да отпен күрескен кездегі өрт те есімде. Нысандағы жалын өте тез тарады, айналада улы түтінге толды, бірақ әріптестерімізбен бірге жалынның одан әрі таралуына жол бермедік. Ұн тарту комбинатында да күрделі өрт болды..., – дейді Амантай Қошқаров.
Тәжірибелі өрт сөндіруші сөзінің соңында қазақстандықтарды өрттің алдын алуға, жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.