$ 494.87  520.65  4.91

Самат Нұртаза: Ресей – бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі

Ал Қазақстан үшін «көршімен татудың көңілі тыныш» деген қағидаға сай татулық пен ынтымақты арттырып, географиялық жақындықты ұлттық экономиканың дамуына ұластыру тиімді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келді. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылады. Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Путиннің ресми сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Путиннің осы келісінде Кремль үшін Қазақстанның орны бөлек екені аңғарылды. Оның үстіне, жақында ғана Астанаға Франция президенті келіп-кеткен, одан кейін Түркі елдері ұйымының саммиті өткен – көршіміз мұның бәрін көріп-біліп отыр. Сыртқы саясатында алпауыт елдермен қатынасы күрделеніп, халықаралық санкциялар кесірінен әлемдік экономикада оқшаулана бастаған Ресей дәл қазір Қазақстанмен ынтымақтастығын жарастыра түсуге мүдделі. Сондықтан да «21 ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісім-шарттың» он жылдығы олар үшін атап өтуге тұрарлық датаға айналғаны байқалады. Ал Қазақстан үшін «көршімен татудың көңілі тыныш» деген қағидаға сай татулық пен ынтымақты арттырып, географиялық жақындықты ұлттық экономиканың дамуына ұластыру тиімді.

Айтуынша екі ел арасындағы алыс-берістің көлемі 30 млрд доллардан асуы мүмкін.

Ресей – бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 28 млрд. долларға жеткен. Қазіргі алыс-берістің қарқынына қарағанда, биыл оның көлемі 30 млрд. доллардан асуы ықтимал. Теріскей көрші соңғы 18 жылда Қазақстан экономикасына 20 млрд. доллар салыпты, тек соңғы екі жылда ұлттық экономикадағы ресейлік тікелей инвестиция көлемі 3,5 млрд. долларға жеткен. Салыстыру үшін, 2015 жылдан бері Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 6 млрд. доллар шамасында, оның 1 млрд. доллары – соңғы үш жылда салынған қаржы. Экономист сарапшылардың айтуынша, ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы озық бес инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда шетелдік үлесі бар 42 мың кәсіпорынның 19 мыңы – ресейлік компаниялар. Өнеркәсіп саласында 32 мыңға тарта жұмыс орнын ашқан 143 ортақ жоба бар. Оның 140-ы – Қазақстан аумағында.

Самат Нұртаза Қостанайда өтетін Өңіраралық әріптестік форумына да тоқталып өтті.

Осы жолы Путин Қазақстанда үш бірдей жылу электр станциясын салуға уәде берді. Көкшетау, Семей мен Өскеменде салынатын су жаңа станциялар елдегі энергетикалық дағдарыстың оңтайлы шешімі болмақ. Кеңестік дәуірден қалған, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңартып, энергетика жүйесінің тынысын ашады. Қостанайда өтетін Өңіраралық әріптестік форумында ауыл шаруашылық саласындағы әріптестікті дамыту да сөз болады. Соңғы кезде ауыл шаруашылық саласындағы тауар айналымы 25%-ға артып, 3,6 млрд. долларға жеткен. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері әлемнің 80 еліне экспортталады. Ендігі жерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық агроөнеркәсіпті дамыту аса маңызды. Сондықтан Қазақстан бұл саладағы өнім өңдеу көлемін алдағы үш жылда 70%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Отандық нарықты өзіміздің ет-сүт өнімдерімен толтырып қана қоймай, көршілес елдердің нарығына саудалайтын күн алыс емес. Бұл ретте қазақстандық агроөнеркәсіп өнімдерін Ресей аумағына еркін жеткізуді қамтамасыз ету үшін ресейлік тараппен келіссөздерді күшейту керек.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының ресейлік басылымға берген сұхбаты туралы сөз қозғады.

Ресейлік басылымға берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік қабілетін дамытуға арнайы тоқталып, Қазақстанның «аймақтық логистикалық хаб» болуға дайын екенін жеткізді. Бұл ретте ресейлік мұнай мен газдың қазақ жері арқылы тасымалдануына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазақ жері арқылы Ресей мұнайы – Қытайға, ал газы – Өзбекстанға тасымалданады. Ресемен екі арадағы шекара – құрлықтағы ең ұзын шекара екенін мектеп оқушысы да біледі. Осы шекара бойындағы аудандарды дамытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастағаны қуантады. Елеаралық қатынасымыздағы биылғы жақсы жаңалықтың бірі – Екатеринбург қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды. Дәл осындай консулдықтар Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбы қалаларында жұмыс істейді. Енді Ресейдің оңтүстігіндегі аудандардағы мектептерде қазақ сыныптарын ашу мәселесі сол елдегі қандастар үшін ғана емес, тұтас қазақ қоғамы үшін аса өзекті екені жасырын емес. Бұл, ең әуелі, қазақтар көптеп шоғырланған Астрахань, Омбы, Орынбор сияқты өңірлерге қатысты. Бір кезде көрші елдердегі қазақ мектептерінің жабылып жатқанына ел-жұрт болып қынжылғанымыз рас. Енді қазақ билігі кеткен есені қайтарып, орнын толтыруға ұмтылып жатса, құба-құп.

 Депутат Франция президентінің елімізге сапары жайында ой бөлісті.

Өткенде ғана Франция президенті Э.Макронның келген сапарында екі француз мектебін ашу туралы келісімге қол қойылды. Қазақстандықтар балаларын қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінің қайсысында оқытам десе де, өз еркі, бірақ мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті мен мәдениетін білу – міндетті. Қазақстандық білім беру стандарттарының талабы осындай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары